Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіменің негізгі тақырыбы – Украинадағы соғыс болған. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Негізінен Украина кикілжіңін шешу тақырыбына баса назар аударылды. Владимир Путин АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілімен келіссөз нәтижесімен жан-жақты таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала келісімдерді құптайтынын айтты және Қазақстан басынан соғыс қимылдарын тоқтатудың бейбіт формуласын қарастыру керегін айтып келгеніне назар аударды" деді Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Tengrinews агенттігіне.
Бұған қоса президенттер екіжақты байланыстар мәселесін де сөз еткен және Тоқаевтың қарашада Мәскеуге жасайтын мемлекеттік сапарын талқылаған. Қасым-Жомарт Тоқаев "стратегиялық әріптестік пен одақтастық рухындағы көпжақты ықпалдастықты тереңдететін" бұл сапарға "ерекше мән беретінін" айтқан.
Ақпарат құралдары АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін талқылау үшін жақын күндері кездесуі мүмкін екенін жазып жатыр. Ресей президентінің сыртқы саясат жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков Мәскеу мен Вашингтон алдағы күндері "жоғары деңгейдегі кездесу өткізуге" келіскенін мәлімдеді. Путиннің өзі Трамппен кездесетін орын ретінде Біріккен Араб Әмірліктерін ұсынған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысын "жап-жақсы сөйлесіп алып, Украинаны бомбалап тастайды" деп сынға алып, одан көңілі қалғанын айтқан және соғысты тоқтатуға 10 күн берген. Ол мерзім 8 тамызда аяқталуы керек. Бітім болмаған жағдайда ол Ресейдің өзіне және оның мұнай-газын сатып алатын елдерге жоғары тарифтер енгізетінін айтқан.
Қазақстан Ресейдің Украинаға жасаған агрессиясын қолдамады, ашық қарсылық та білдірген жоқ. Ол Украинадағы соғысты бейбіт жолмен шешуге шақырады. 2022 жылы маусымда Тоқаев Қазақстан Украинаның шығысындағы "ДХР" және "ЛХР" жікшіл аймақтарының "тәуелсіздігін мойындамайтынын" айтқан.
Дегенмен ол Ресей-Украина соғысы туралы пікір білдіргенде "Ресейдің әскери тұрғыдан жеңілмейтіні анық" деп мәлімдеген.