Украинада Ресей жағында соғысып, қаза болған 123 мыңға жуық адамның аты-жөні анықталды

Украинада соғыс басталғалы бері Ресей әскері жағында соғысып, қаза болған кемінде 122 883 адамның аты-жөні анықталды. Ашық дереккөздерден жиналған мәліметтерге қарағанда, олардың 53% — еріктілер, мобилизацияланғандар және тұтқындар. BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" және еріктілер жүргізген зерттеуде осындай мәлімет айтылады.

Қаза болғандардың 27% - еріктілер, 14% —тұтқындар, 11% —мобилизацияланғандар. Соғыс басталғалы бері 5540 офицер қаза болды, 12-і - генерал. Әсіресе кіші командирлер арасында адам шығыны едәуір, бұл бөлімшелердегі тактикалық үйлесімділік жоғын көрсетуі мүмкін.

2023 жылдың қазан айынан бері адам шығыны тұрақты түрде жоғары болып отыр – күніне шамамен 120 адам.

Журналистер ашық дереккөздер – әлеуметтік желідегі жазбалар мен жергілікті ақпарат құралдары, некрологтар, зираттан түсірілген суреттердің көмегімен адам шығынын есептеп жатыр. Сарапшылардың бағалауынша, қаза болғандар 273 мыңға жетуі мүмкін, ал Донбастағы ресейшіл топ сарбаздарын есепке алғанда, 297 мыңға жетуі мүмкін деп жазды BBC-дің Орыс қызметі.